КОМПОЗИТОР ӨМІРЗАҚ ОСПАННЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ ӨТТІ

0
340

Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда Оңтүстік Қазақстан облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен композитор Өмірзақ Оспанның «Сырлы әнім» атты шығармашылық кеші өтті.

Шараға Өмірзақ Жұмағұлұлының үзеңгілес достары мен зиялы қауым өкілдері, өңіріміздің мәдениет және өнер мекемелерінің қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

«Астана», «Шымкент медициналық колледжінің әнұраны», «Қазақстандық әскери қыздар маршы» әндері республикалық алтын қорға енген дарынды композитордың «Ағаларым-ай», «Шымкентім шырайлым», «Сенсің» атты әндері тыңдарман жүрегіне жол тауып, алыс-жақын шетелдегі қандастардың да сүйіп орындайтын әніне айналған.
Композитордың өмірлік жолы мен шабытты шығармашылығы, қазақ өнеріне қосып жүрген еңбектері жөнінде бейнефильм арқылы терең ұғына түскен көрермендер, елімізге белгілі эстрада әншілері Гүлжазира Нұрпейісова, Аман Төре, «Наркескен» тобы мен дәстүрлі әнші Оразәлі Жаңабайдың орындауындағы әндерін тыңдады.

Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сәдібеков Ұласбек Сәдібекұлының арнайы алғыс хаты мен сый-сияпатын Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының Халық шығармашылығы бөлімінің меңгерушісі Мұратбай Қуантқанұлы табыс етті.
Өмірзақ Оспан 1955 жылы Қызылорда облысының Шиелі ауылында дүниеге келген.
Оның композиторлық қасиетімен қатар, термешілік өнері де елге таныс.
Ол республикалық «Шалқар термесі» байқауында кеңінен танылып, аталған терме сайысының 2001, 2002 және 2004 жылғы арнайы дипломдарын жеңіп алса, 2002 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының жетпіс жылдығына орай өткізілген «Әуелетсек әуенін Отанымның» патриоттық әндердің облыстық байқауында «Көрермен көзайымы» дипломы және арнайы жүлдемен марапатталған. 2003 жылы республикалық «Елім менің» патриоттық әндер байқауында дипломант атанды.
Сондай-ақ 2006 жылы республикалық «Шалқыған Шардара» ән байқауында «Әнді халықтық дәстүрде орындағаны үшін» дипломымен және «Көрермен көзайымы» жүлдесімен марапатталды. Өскен орта, ыстық шаңырақ – Шымқалаға арнаған әні 2007 жылы республикалық «Шымкент қаласы туралы ән» байқауында 1-ші орынды иеленіп, 1-ші дәрежелі дипломмен марапатталды, композитордың өзі лауреат атанды. Ал, 2008 жылы өткен «Біз естімеген ән» тележобасында орындаған сөзін де, музыкасын да өзі жазған «Сенсің» әні үшін «Үздік ән» номинациясы бойынша арнайы диплом иеленді.
2010 жылы Ұлы композитордың 80 жылдығына орай Шымкент қаласында орналасқан Шәмші Қалдаяқов гүлзарының «Жұлдыздар» аллеясындағы мәрмәр тасқа Өмірзақ Жұмағұлұлының есімі жазылған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here