«Ернияз-медиа» командасы жеңімпаз болып оралды

0
189

Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай БАҚ қызметкерлері арасында шағын футболдан өткен республикалық турнирден «Ернияз-медиа» командасы жеңімпаз болып оралды.

Жексенбі күні «Евразия» спорт кешенінде БАҚ өкілдерінен жасақталған командалар шағын футболдан Қызылорда облысы әкімінің кубогын сарапқа салды.

Жарысқа еліміздің әр өңірінен 12 команда қатысып, үш топқа бөлініп бақ сынады. Оралдың «Жайық», Астананың «Хабар», «Sport-59», Талдықорғаннан келген «BAQ JETISU», тараздық «Taраз Рress», «Jambyl медиа» Түркістаннан «Рейтинг», Шымкент қаласынан «Erniyaz медиа», жергілікті «Сыр медиа», «Қаламгер», «Qyzylordatv» командалары тарихи шаһардың мерейтойына арналған турнирді тартысты додаға айналдырды.

 

Турнирдің ашылуында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов жылы лебіздерін білдіріп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Командалардың дені республикалық бәсекелерде көзге түсіп жүрген, талай мәрте алаңда айқасқан ұжымдар. Сондықтан болар, Ақмешіттегі ала доп турнирі аса тартысты өтті.

Әрине, доп дөңгеленгенмен дараны дода анықтайды. Шешуші ойын «Тараз Press» пен «Ернияз-медиа» арасында өтті. Алма-кезек шабуылмен өрбіген кездесуде тараздық ойыншыға қызыл қағаз көрсетіліп, алаңнан қуылды. Ойыншысы аз болса да жамбылдық команда қарсыласына есе жіберген жоқ. Негізгі уақыт тең нәтижемен аяқталды.

Пенальти сериясының нәтижесінде Қызылорда облысы әкімінің кубогы Ербол Дайрашов бастаған шымкенттік «Ернияз-медиа» командасына бұйырды. Жеңімпаз командаға 600 мың теңге табысталды. Екінші орынды еншілеген «Тараз Press» 400 мың, үздік үштікті түйіндеген  «Хабар» телеранасы жігіттеріне 200 мың  теңге ақшалай жүлде берілді. Сондай-ақ жарыста үздік өнер көрсеткен ойыншылар түрлі номинациялармен марапатталды.

Баспа саласында ғана емес, спорттық жарыстарда да өңір намысын қорғап, жеңіспен оралған «Ернияз-медиа» командасын шын жүректен құттықтаймыз!